АШМ көктемгі дала жұмыстарына қосымша 70 млрд теңге сұрады

1030

2022 жылы 22,9 млн гектар алқапқа егін егу жоспарланған.

АШМ көктемгі дала жұмыстарына қосымша 70 млрд теңге сұрады

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев министрлер кабинетінен көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қосымша 70 млрд теңге сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бүгінгі үкімет отырысындағы түсіндіруіне қарасақ, мәселе былтырғы қуаңшылық, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштар бағасының өсуіне байланысты болып отыр.

"Бағаның күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақытылы дайындау және сапалы жүргізуге қиындық туғызды. Сондықтан фермерлерді қолдау үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік кредитті қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз", – деді Қарашөкеев.

Оның айтуынша, қазір арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен келісім жасалды. Бұл фермерлерді толық қамтамасыз етуге керек. 

"Тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге қарастырылған", – деп атап өтті министр.

Жалпы облыстардың деректеріне сүйенсек, 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға отырғызу жоспарланды, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға артық.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу