АШМ "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасына қатысты сұрақтарға жауап берді

1258

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланып, талқыланып жатыр.  

АШМ "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасына қатысты сұрақтарға жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған заң жобасының қоғамдық маңыздылығына байланысты өзекті деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Заңның қабылдануы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

ФАО деректері бойынша (БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы) әлемдегі азық-түлік тауарларының шамамен 80%-ын отбасылық фермерлік шаруашылықтар өндіреді. Қазақстан заңнамасында отбасылық фермерлік шаруашылық деген ұғым жоқ. Бірақ бізде бұл анықтамаға өз қызметін жұмыс күшін жалдаусыз жүзеге асыратын, яғни бір отбасы мүшелерінің күшімен ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтары жатады. Бұл ретте Қазақстанда жеке қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтарының жиынтық үлесіне азық-түлік тауарларын өндірудің басым үлесі тиесілі-шамамен 70-80%. Мысалы, олар барлық түрдегі сүттің 90%-ын, ашық жердегі көкөністердің 84%-ын, картоптың 83%-ын және сою салмағындағы барлық түрдегі еттің 70%-ын өндіреді.

Жалпы жеке қосалқы шаруашылықтың үлесіне бүкіл ауылшаруашылығының жалпы өнімінің жартысына жуығы тиесілі. Сонымен қатар ұйымдасқан агроқұрылымдардан, сол шаруа қожалықтарынан немесе заңды тұлғалардан айырмашылығы, жеке шаруа қожалықтары мұны ешқандай мемлекеттік қолдаусыз жасайды.

Өкінішке орай, бүгінде олар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр, сонымен бірге өндіріс тауарларын (тұқымдар, тыңайтқыштар, ветеринарлық препараттар және т.б.) жоғары бағамен сатып алады.

Заң жобасы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға, жеке қосалқы шаруашылықтарды басқаратын ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, ЖҚШ кооперациясын ынталандыру шаралары көзделген. Кооперация –қазақстандық өнертабыс емес. Бұл халықаралық тәжірибе. Әлемде ауылшаруашылық кооперативтерінде жүздеген миллион адам бар.

Халықаралық тәжірибеде кооперативтер:

Біріншіден, ауыл тұрғындарына ауылшаруашылығы өнімдерін әділ бағамен дайындауға, сақтауға, бастапқы өңдеуге және сатуға көмектеседі.

Екіншіден, ауыл тұрғындарына ауылшаруашылығы өнімдерін көтерме бағамен өндіру үшін қажетті тауарларды қарсы жеткізуді жүзеге асырады.

Үшіншіден, өз пайшылары үшін сервистік қызметтер көрсетуді – ветеринариялық қызмет көрсетуді, өсімдіктерді қорғау, жерді механикаландырылған өңдеу және т.б. жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастырады.

Төртіншіден, өз пайшыларын жаңа тұқымдар, сорттар, технологиялар туралы, заңнамадағы, бағдарламалық құжаттардағы өзгерістер, нарықтардағы жағдайлар туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Бесіншіден, мемлекеттік қолдау – кредиттер, субсидиялар және т.б. алуға жәрдемдеседі.

Кооперативтердің қызметін ұйымдастыру ауылшаруашылығы өнімдерін лайықты бағамен жеткізуді ұйымдастыруға, өндірушілерден тұтынушыларға дейін тізбектегі делдалдардың санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл сайып келгенде, ауылшаруашылығы өнімдерін тұрақты бағамен жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңның қабылдануы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына қалай әсер етеді?

Бірінші кезекте, мемлекет заңды іске асыру шеңберінде кооперативтерді қажетті жабдықтармен және арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Мысалы, сүт қабылдайтын салқындатқыш танкерлермен, сою пункттерімен, көкөніс қоймаларымен және т.б. Бұл технология талаптарына сәйкес дайындауды, сақтауды, бастапқы өңдеуді және тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кооперативтер қажетті тыңайтқыштарды, пестицидтерді, ветеринариялық препараттарды жеткізумен, сондай-ақ жемшөп дайындау, ветеринариялық қызмет көрсету, өсімдіктерді қорғау бойынша қызметтер көрсетумен айналысатын болады. Сонымен қатар кооперативтер өндіріс технологиялары, соның ішінде малды ұстау, оны тамақтандыру рационы, өсімдіктерге күтім жасау, тыңайтқыштар, пестицидтер, ветеринарлық препараттарды қолдану туралы білімді тарата алады. Мұның бәрі ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына әсер ететіні сөзсіз.

Азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізуі үшін қандай ынталандырулар көзделген?

Заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуды ынталандыру үшін кооперативтерге арналған жабдықтардың құнын инвестициялық субсидиялау, өз мүшелеріне – жеке қосалқы шаруашылықтарға көрсетілетін кооперативтер қызметтерінің құнын субсидиялау, жеке қосалқы шаруашылықтар мен олардың кооперативтеріне микрокредит беру, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізетін азаматтарды оқыту түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Бұдан басқа, ЖҚШ-да мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары, оның ішінде білім тарату орталықтарында оқыту, маркетингтік ақпарат алу құқығы таратылатын болады.

Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мөлшері қандай?

Жер кодексінде "жеке қосалқы шаруашылық"  ұғымы ауылдық жерде және қала маңы аймағында орналасқан жер учаскесінде өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет түрі ретінде айқындалған.

Қазақстан Республикасының азаматтарына ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (үй маңындағы және егістік телімдерді қоса алғанда) – суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар жер учаскелері өтеусіз беріледі.

Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін жер учаскелерін беруге өтініш кезекке қойылмайды. Бұл ретте, жер учаскелері – құрылыс кезеңіне жалға, ал жеке меншікке құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін беріледі.

Ветеринарлық заңнама талаптарына сәйкес, әр ауладағы мал санының нормасы қанша болуы керек?

Малды үй-жайларда, жайылымдарда ұстаудың ветеринариялық-санитариялық және зоотехникалық нормалары бар. Аталған нормалар жайылымдардың өнімділігіне қарай әзірленген.

Бұл нормалардан асып кету ауылдық елді мекендер ішіндегі санитариялық гигиенаның нашарлауына, ауылдар маңындағы жайылымдардың тозуына әкеп соғады, бұл сайып келгенде жануарлар мен адамдар ауруларының пайда болу қаупін, экологиялық ахуалдың нашарлауын туғызады.

Жоғарыда көрсетілген нормалар негізінде әрбір өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір аулада малдың шекті санын белгілеу құқығы заң жобасымен тікелей сол немесе өзге елді мекеннің тұрғындарына, дәлірек айтқанда нақты ауыл тұрғындарының жиындарына (жиналыстарына), жергілікті өкілді органдарға (мәслихаттарға) берілген.

Малды не үшін тіркеу қажет?

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор (бұдан әрі – АЖБ) – жануарлар туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі.

Бұл деректер жануардың жеке нөмірін, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін, жануардың иесі туралы деректерді қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы деректерді қамтиды.

Бұл есепті жергілікті әкімдіктердің мемлекеттік ветеринариялық ұйымдары жүзеге асырады. Есеп деректерін өз жұмысында ветеринария саласындағы уәкілетті орган, яғни ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау комитеті пайдаланады.

Қағидаларға (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 маусымдағы №16-07/332 бұйрығымен бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және жүргізу қағидалары) сәйкес, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтер ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген тәртіппен ("Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірме беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы №367 бұйрығы) АЖБ-ға енгізіледі.

Ветеринариялық іс-шаралар "Ветеринария туралы" ҚРЗ сәйкес эпизоотиялық салауаттылықты сақтау және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

Тіркелген малға салық салынады ма?

Жоқ, өйткені мемлекеттік жүйелерде тіркелген мал салық салу объектісі емес.

Заң жобасы шеңберінде әзірленіп жатқан заң жобасына бір мезгілде (кейіннен) Қылмыстық кодексті сәйкес келтіру қажеттігі туындап отыр. Заң жобасына сәйкес қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бүгінгі таңда бұл норма жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып алынып тасталды.

Қылмыстық кодекс шеңберінде ешқандай жауапкершілік шаралары көзделмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу