АШМ жұмыртқаға субсидия бөлетін болды

1180

Бір жұмыртқаға – 1,5 теңге.

АШМ жұмыртқаға субсидия бөлетін болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаға төленіп келген субсидияны алып тастау туралы шешім шығарған болатын. Бұл шешімін ведомство Қазақстанның ішкі нарығы тағамдық жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз етілуімен түсіндірген. Алайда әлемді әбігерге салған коронавирус министрлікті шешімін өзгертуге мәжбүр еткен көрінеді.

"Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылдан бастап жұмыртқаларға тауарлық субсидияларды алып тастау қарастырылған. Субсидияны алып тастау туралы норма 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәтте құс фабрикалары басшылары мен құс өндірушілердің салалық қауымдастығымен келісілген болатын. Алайда, COVID 19 вирусының таралуынан туындаған дағдарысқа байланысты, 2020 жылы жұмыртқаның өзіндік құны күрт өсті. Осыған байланысты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және өнімнің бірлігіне субсидиялау нормасын 3 тен 1,5 теңгеге дейін төмендете отырып, "азық-түлік жұмыртқаларын өндіруді субсидиялау" бағытын сақтауды ұсынды", – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомвствоның дерегі бойынша, Үкімет құс өсірушілерді қолдап, жұмыртқаның өзіндік құнын төмендету үшін 5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігі берілмек.

"Ауылшаруашылық тауар өндірушілерге асыл тұқымды құс сатып алуға субсидия түрінде және экспорттық өнімді тасымалдау шығынының бір бөлігін өтеу бойынша қолдау көрсетіледі. Жалпы Қазақстанда жұмыртқа өндіретін 31 құс фабрикасы бар. Болжам бойынша олар жылына 5,5 млрд дана жұмыртқа өндіреді. Бұл елдің ішкі сұранысын артығымен қамтамасыз етіп тұр деген сөз. Демек, құс фабрикаларының артық өнімді шетелдерге сату мүмкіндігі бар. 2019 жылы республиканың құс фабрикалары 527 млн дана жұмыртқаны экспорттады. 2020 жылғы қаңтар-ақпан айларында экспорт көлемі 1542 тоннаны (30,8 млн дана) құрады", – деп жазылған баспасөз мәліметінде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу