Асқар Мамин Ақмола облысында егіс науқанының жүргізілу барысын тексерді

728

Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді 20-25 жұмыс күні ішінде аяқтау көзделген.

Асқар Мамин Ақмола облысында егіс науқанының жүргізілу барысын тексерді

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Ақмола облысында көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілу барысын тексерді, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы Сандықтау және Ақкөл аудандарының алқаптарындағы егіс жұмыстарымен, жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасымен, дәнді және жем-шөп дақылдарын өңдеу және тазалау, сондай-ақ ет және сүт өнімдерінің өндірісін кеңейту жобаларымен танысты.

"Ауыл – ел бесігі" жобасының іске асырылуын бақылау аясында Премьер-министр Сандықтау ауданының Максимовка және Балкашино ауылдарында, сондай-ақ Ақкөл ауданының Еңбек ауылында болып, онда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын – абаттандырылған тұрғын үйлерді, денсаулық сақтау, білім беру және спорт мекемелерін аралап көрді.

Айта кетсек, биыл Ақмола облысында жаздық егіс аумағы 4,9 млн га құрайды, оның ішінде 4,4 млн га – дәнді дақыл. Бүгінгі таңда 581 мың га (жоспардың 13,1%) дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 39 мың га астам майлы (15,5%) және 51 мың га мал азығы (28,4%)  дақылдары егілген.  

Егіс жұмыстарына шамамен 32 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, атап айтсақ, 14 мыңнан астам трактор, 16 мың тұқым сепкіш, 1 250 егіс кешені. Өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 68 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді, оның құны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша фермерлер үшін литрі 165 теңгеге дейін арзандатылған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді оңтайлы мерзімде – 20-25 жұмыс күні ішінде аяқтау көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу