Асқар Мамин: Алдымызда құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндеті тұр

581

Отандық құрылыс материалдарын шығару – қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. 

Асқар Мамин: Алдымызда құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндеті тұр

Үкімет отырысында "Нұрлы жер" және 7-20-25 бағдарламаларының іске асырылу барысы қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин тұрғын үй құрылысына қатысты бірнеше тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бірінші: Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту.

"Биыл біз 13,1 млн шаршы метр пәтерді пайдалануға беруіміз керек. Әкімдіктер және тиісті мемлекеттік органдар жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды салу, сонымен қатар инвестициялық тұрғын үй жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмыс қарқынын арттыруы қажет", – деді  Асқар Мамин.

Екінші:  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізу.

Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде, жыл сайын 6 мыңға жуық көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі.

"1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады", – деді Асқар Мамин.

Бұл тетік заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген соң іске қосылатыны атап өтілді.

"Жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керек. Бұл тапсырма тек үш өңірде: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ғана орындалған. Ал қалған өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс енді басталуда. Сондықтан, осы жұмыстың қарқынын арттыруды тапсырамын", – деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ ол құрылыстағы отандық үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту керек дейді.

"Алдымызда құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндеті тұр. Отандық құрылыс материалдарын шығару қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты болып табылады. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Мысалы, Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Демек, сол өңірде құрылыс материалдарын шығаруға қатысты жобалар жүзеге асырылуы қажет. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірде құру керек", – деп нақтылады премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу