Асқар Мамин "Самұрық-Қазынаның" директорлар кеңесінен шығарылды

868

Қанат Бозымбаев ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне кірді.

Асқар Мамин "Самұрық-Қазынаның" директорлар кеңесінен шығарылды

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесін басқарған Премьер-министр Асқар Мамин кеңес құрамынан шығарылды. Аталмыш үкімет қаулысы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі "Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы іске асыру шаралары туралы №669 жарлығын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 қазандағы №962 қаулысына (...) келесі өзгертулерді: көрсетілген қаулының 2 қосымшасына "Мамин Асқар Ұзақбайұлы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, төраға"  деген жолды алып тастауды қаулы етеді", – делінген құжат мәтінінде.  

Дегенмен, қаулыда қордың директорлар кеңесінің жаңа құрамы көрсетілмеген. Сондай-ақ, директорлар кеңесінің құрамына Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтің орнына Президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаев кірді. Қаулы 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген. 

Осылайша, қаулы бойынша, "Самрұқ-Қазына" қорының директорлар кеңесінің құрамына 6 адам кіріп отыр. Олар: Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, тәуелсіз директорлар Ричард Эванс, Альпер Акдениз, Бендер Вилгельм

Премьер-министр Асқар Мамин қордың директорлар кеңесінің басшылығына 2019 жылдың наурызында келген болатын. 2008 жылы құрылған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қарамағына Air Astana, "Қазақтелеком", "Қазатомпөнеркәсіп", "ҚазМұнайГаз", "Казпошта" және өзге де стратегиялық компаниялар қарайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу