Әскер туралы жалған ақпарат бір жылдан соң тағы да тарады

25 қыркүйек күні ғана ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасы бұл жалған ақпаратты теріске шығарған еді.  

Әскер туралы жалған ақпарат бір жылдан соң тағы да тарады Фото: kaz.inform.kz

Солай бола тұра, әлеуметтік желілерде анонимді аккаунттар Қарулы күштерге қатысты кадрларды шынайы оқиғалар ретінде көрсетіп, қайта таратуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Дереккөздерді зерделеу барысында бейнежазбаның Қазақстанға қатысы жоқ екендігі анықталды. Ол – "Қырғызфильм" киностудиясының "Баткен" көркем фильмінен алынған үзінді. Қолданушыларды шатастыру мақсатында материал авторлары бейнежазбаға қазақ тілінде дыбысты қоса салған. Бұл аудиторияны шатастырып, жалған ассоциациялар туғызуы мүмкін, – делінген хабарламада. 

Орталық мамандары бейнематериалдарға эмоционалды сипаттағы пікірлер мен деструктивті үндеулер қосылып, олардың таралуы пайдаланушыларды жаңылыстырып, әлеуметтік шиеленістің артуына ықпал етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы пайдаланушыларды осындай ақпараттық манипуляциялардың таралу құралына айналмауға шақырып отыр. 

– Жалған және көрінеу жалған ақпаратты тарату заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске саламыз. Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Фактілерді тексеріп, қоғамдық пікірді манипуляциялауға жол бермеңіз, – деп ескертті олар.

Бұған дейін Маңғыстауда тағы бір әскери қызметші қаза тапты деген ақпарат жалған болып шыққанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу