Ұлттық ұлан сарбазы, қызмет барысында ауыр бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтар оңалту курсының екінші кезеңінен өту үшін Ыстанбұлға ұшып кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сарбаз бүгін ата-анасымен бірге Түркияға жолға шыққан. Емге қажетті қаражатқа мемлекет көмектескен. Арнайы портал арқылы 3 айлық реабилитацияға қаржы бөлінген. Ол Ыстанбұлдағы клиникалардың бірінде болады.
"Бүгін таңғы сағат 5 шамасында Ербаян ата-анасымен бірге Ыстанбұлға ұшып кетті. Ол жерде емдеудің екінші кезеңінен, толық оңалту курсынан өтеді. Бұл ол үшін шешуші кезең. Сондықтан бәріміз бірге ұлымызға сәттілік пен амандық тілейік", – деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Адвокаттың айтуынша, науқасты тасымалдауды Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі қамтамасыз еткен.
"Шын жүректен қуаныштымын. Мемлекеттік құрылымдар дұрыс шешім қабылдап, көмек қолын созды. Нағыз өзгерістер дәл осындай қадамдардан басталады", – деп жазды Инга Иманбай.