Оның сөзінше, әскери бөлімшелерге жасанды интеллекті жүйесі бар бейнебақылауды енгізудің артықшылығы көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Дархан Ахмедиев алдағы 10 күнде нақты шешімі болатынын айтты.
– Президент тиісті тапсырманы берді, ал Бас прокуратура тиісті жұмысты бастап кетті. 23 қарашада арыз-шағымдарды қарастырудың нәтижесі жарияланады, – деді ол.
Қазіргі уақытта заңсыз әркеттерге жол бермеу мақсатында барлық әскери бөлімде бейнебақылау жүйесі орнатылған.
– Бірақ оның бәріне жасанды интеллекті жүйесін енгізу жұмысы бөлінетін қаражатқа байланысты болмақ. Министрдің тапсырмасы бойынша келер жылы осы мәселені толық шешуіміз керек. Сондықтан, қазір Қаржы министрлігімен осы бағытта тиісті іс-қимылдарды жүзеге асырып жатырмыз, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Дархан Ахмедиев жасанды интеллекті қосылғанда, Face ID арқылы бөлімшеде жүрген адамдарға қатысты толық бақылау болатынын жеткізді.
– Ол жүйе жұмысқа келген әскерилердің санын, олардың кірген уақытын, қызмет орнында кімдердің тұрғанын, қоймаға рұқсаты бар адамдардың кіруін, топтасып жиналған әскерилер тұрған орынды, құлаған сарбаздарды, дәретханадан ұзақ уақыт бойы шықпай жатқан адамдарды анықтайды. Бұл жүйе толықтай іске қосылса, әскердегі тәртіпке оңтайлы әсер ететініне сенемін. "Ақылды" камералар арқылы көптеген проблемадан құтыламыз. Осы видеодағы деректер әскери полицияға жолданады. Сонымен қатар, кейбір аналитика әскери бөлімшенің өзіне жіберіледі, – деді ол.