Түркістан облысы, Келес ауданының 19 жастағы тұрғынына қазір ота жасау қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Сарбаз 2025 жылдың қарашасында Сарыағаштағы медицина колледжінде оқып жүріп, Қонаев қаласындағы №58012 әскери бөлімге жіберіледі. Анасының сөзінше, баланың туғаннан бері жамбас буынында ақауы болған. Десе де, әскери медициналық комиссия оны "қызметке жарамды" деп таныған.
– Әскерге барғаннан соң екі ай өткен соң аяғым қатты ауыра бастады. Ақсап жүретін болдым. Бірнеше рет айттым, бірақ емделуге жібермеді. Сарбаз болған соң шыдап жүре бердім, – деді Бақытжан Әмит.
Ол Қонаев қаласында 4 айдан астам қызмет етіп, кейін Семейдегі №54770 әскери бөлімге ауысқан. Семейдегі дәрігерлер ғана оның жағдайына алаңдап, Астанадағы әскери госпитальға жіберген.
– Астанадағы госпитальда 70 күннен аса жатты. Дәрігерлерден баламды мұқият тексеруді сұрадым. "Сүйек жемірілуі" деді. Одан соң Семейге қайтарды. Әскери-дәрігерлік комиссия баламды "әскери қызметке жарамсыз" деп танып, Түркістанға жіберді. Сап-сау күйінде әскерге алып кетіп, ауырып қалғаннан кейін "өзің барып емдел" дегендей үйге әкеліп тастады. Балам қазір ақсандап, балдақпен жүр, – деді сарбаздың анасы Сәуле Қуандықова.
Бақытжанның анасы медициналық сақтандыру мәселесіне байланысты ем алуда қиындықтар бар екенін жасырмайды.
– Аудандық емханада травматологқа қаралдық. Дәрігер балдақты тастамау керектігін ескертті. Семейдегі дәрігерлердің қорытындыларын Ташкенттегі жеке клиникаға жібердім. Олар шұғыл түрде ота жасау қажет екенін айтты. Бұл үшін қомақты қаражат керек. Оған шамам жетпейді, дәрі-дәрмегін де ала алмай отырмын. Өзім алты баланың анасымын. Баламның денсаулығын қалпына келтіріп, қажетті емін алуға көмектессе екен деймін, – деді анасы.
Аталған жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсінік беріп өткен.
– 2025 жылғы қарашада мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландырудан өткен Б.Н.Әмит денсаулығына шағым айтпаған. Жергілікті атқарушы орган құрған медициналық комиссияның қорытындысымен ол "әскери қызметке жарамды" деп танылған, – деп хабарлады министрлік.
Тексеру барысында сарбаздан буындардың туа біткен патологиясымен қатар, несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталған.
– Белгілі болған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, "әскери қызметке жарамсыз" деп танылды. Кейіннен белгіленген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды, – делінген жауапта.