Әскерге сау кетіп, ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болды

730

Оның жүрегі тоқтап қалды. 

Әскерге сау кетіп, ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болды Фото: коллаж inbusiness.kz

Әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт емделген сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Ол Астанадағы ұлттық шұғыл медициналық ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қаралы хабарды сарбаздың отбасының адвокаты Инга Иманбай жеткізді.

"Екі жыл бұрын дәл осы коллажды жариялап, Ербаян Мұхтардың тағдырына қоғам назарын аударуға тырысқан едім. Сол кезде әскердегі қауіпсіздік мәселесін көп адам білмейтін. Бірақ біз Ербаянның басына түскен жағдай жеке бір отбасының қасіреті ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс мәселе екенін айтуға тырыстық. Қоғам үн қатты. Мыңдаған адам Ербаян үшін алаңдап, оның өмірі үшін ата-анасымен бірге күресті. Осы екі жыл ішінде Ербаянның есімі әскердегі қауіпсіздік мәселесімен қатар аталатын болды. Ол әскери ортадағы зорлық-зомбылыққа, жауапсыздыққа және жабық жүйедегі проблемаларға қоғам назарын аудартқан символға айналды. Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес. Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті", – делінген жазбада. 

Оның айтуынша, Ербаянның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. 

"Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян. Сенің күресің босқа кеткен жоқ. Сенің атың Қазақстандағы әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігі туралы сөз болғанда міндетті түрде еске алынатын болады", – деді адвокат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу