Әскерге шақырылған қазақстандықтар нені білуі керек? – Қорғаныс министрлігі

Бұл туралы ведомствоның ресми сайты жазды.   

Әскерге шақырылған қазақстандықтар нені білуі керек? – Қорғаныс министрлігі Фото: gov.kz

Негізінен, әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңді қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қорғаныс министрлігінің ресми парақшасы "Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?" деген сауалға жауап берді.

– Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына тарту шараларына қатысуға арналған ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау – әрбір жас азамат үшін міндетті заңды талап.

Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді, – делінген ресми хабарламада.

Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Шақырту алғаннан соң деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар.

– Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Ауырып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс, – деп жазылған министрлік дерегінде.

Шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі.

"Уақытылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді" деп сендірді ведомство өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу