Астанада запасқа шыққан жауынгерлерге жоғары оқу орындарының білім гранты салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Сенат депутаттары, әскери қызметшілер мен олардың туыстары, сала ардагерлері мен оқушылар қатысты.

Бұл бастама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Соның негізінде әскери борышын өтеген азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ, білім грантын иеленуге мүмкіндік алып отыр.
Үміткерлер "Сарбаз 2" цифрлық жүйесі арқылы іріктеледі. 1000-нан астам гранттың басым бөлігі Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланға бөлінді. Ал қалғаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметіне бағытталған.
"Мемлекет басшысы: "Әскер – біздің әлеуметтік саты болу керек" деп айтқан еді. Соның бір іс-шарасы бүгін өткізіліп жатқан әскерде мерзімді қызметін ойдағыдай атқарып, үздік көрсеткіштер көрсеткен сарбаздарға біз ЖОО-ға түсуге мемлекеттік гранттар беріп жатырмыз", – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков.