Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінде оқу бітіруге арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл оқу орнын 100 кадет тәмамдап, кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер мен түлектердің ата-аналары қатысты. Дәстүр бойынша оқу бітірушілер Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков жас сержанттарды құттықтап, Отан алдындағы қызметтеріне табыс тіледі. Сонымен қатар оқуда, әскери тәртіпте және қоғамдық өмірде үздік нәтиже көрсеткен сегіз түлекке үздік диплом табысталды.
– Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы білім ордасы үшін - бүгін ерекше күн. Бұл жаңа буынның сапқа қосылу күні. Бүгін түлектеріміздің ішінен оқуда, әскери-тәртіпте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп , колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Салтанатты рәсімде жас сержанттар Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылданды.
– Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлектер атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалык көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік ұлы қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Біз Қарулы күштердің жаңа буынымыз, Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, – деді оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.
Іс-шара саптық дефиле, әскери оркестрдің орындауындағы концерттік бағдарлама, дәстүрлі вальс және естелік суретке түсумен аяқталды.