Әскери қызметшілердің эстафеталық шаңғы жарысы қорытындыланды

124

Елордадағы Орталық саябақта Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер Бас штабының құрылымдық бөлімшелері арасында шаңғы жарысынан өткен чемпионат өз мәресіне жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әскери қызметшілердің эстафеталық шаңғы жарысы қорытындыланды Фото: Қорғаныс министрлігі

Жарысқа 39 команда құрамында 150-ден аса әскери қызметші (әр командада үш ер адам және бір әйел) қатысты. Эстафетада ерлер 2,5 шақырым қашықтықты, ал әйелдер 1 шақырым қашықтықты еңсерді.

Төрешілік екі топ бойынша ұйымдастырылды. Бірінші топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың орталықтары, департаменттері және басқармаларының командалары бақ сынаса, екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, басқармалары, әскери бөлімдері мен мекемелерінің құрамалары жарысты.

Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Төлеген Бөлежановтың айтуынша, дәстүрге айналған чемпионат саламатты өмір салтын насихаттауға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және әскери ұжымдардың ынтымағын арттыруға бағытталған.

Эстафеталық жарыс қорытындысына келсек, бірінші топта Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының командасы жеңіске жетсе, Әкімшілік департаментінің спортшылары екінші орынға тұрақтады. Ал Жауынгерлік даярлық департаменті мен Сержанттық құраммен жұмыс басқармасы қола жүлдені өзара бөлісті.

Жеке біріншілікте осы санат бойынша ерлер арасында Әскери өкілдіктер орталығының әскери қызметшісі подполковник Сергей Лобода жеңімпаз атанды. Екінші орынды Әкімшілік департаментінің өкілі 1-сыныпты сержант Азамат Жақыпов иеленді. Үшінші орын Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы командасының сапында өнер көрсеткен полковник Дархан Ахановқа бұйырды.

Әйелдер арасында подполковник Алена Ақымбекова (Жедел жоспарлау департаменті) чемпион атанды. Күміс медаль аға лейтенант Әсем Бақаеваға (Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы) табысталды. Қола жүлдені 3-сыныпты сержант Алтынай Смағұлова (Зейнетақымен қамтамасыз ету орталығы) иеленді.

Екінші топта 14776 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетті. Күміс жүлде Әскери полиция бас басқармасының құрамасына, ал қола жүлде Тыл бастығының басқармасына бұйырды.

Жеке есепте ерлер арасында майор Никифор Чембердиев (Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы) жеңіске жетті. Күміс медаль подполковник Евгений Ерастовқа (Тыл бастығы басқармасы), ал қола медаль полковник Ернар Оқасовқа (14776 әскери бөлімі) табысталды.

Әйелдер арасында биік тұғырдан көрінген аға лейтенант Гүлжан Нүсіпова (Әскери полиция бас басқармасы) болды. Екінші орынды 3-сыныпты сержант Динара Садырбаева (14776 әскери бөлім) иеленсе, үшінші орын подполковник Ұлпан Талапқа (Қару-жарақ бастығы басқармасы) бұйырды.

Жарыс өтетін аумақта қатысушылар мен қонақтарға жылынатын шатырлар орнатылып, ыстық тамақ пен шай берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу