Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақылар мен басқа да төлемдер төлеу қағидаларын өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжатқа бірнеше түзету енгізілді. Негізгі жаңалық – қағидалардың 8-1-параграфпен толықтырылуы.
"8-1-параграф. 102-1. Әскери қызметшіге (мерзімді әскери қызметтің қызметшісін, әскери оқу орнынының курсантын және кадетін, әскери жиындарға шақырылған әскри міндеттіні, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшіні қоспағанда) далалық төлемдер уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен, тұрақты тұрғылықты жерінен тыс орналасқан жеріне қарамастан, далалық шығуда (арнаулы далалық жұмыстарды қоспағанда), теңізге шығуда болғаны үшін, оқу-жаттығуларға немесе кемелердің жорықтарына қатысқаны үшін іссапар шығыстары төленбестен, тәулігіне 1,2 еселенген АЕК мөлшерінде жүзеге асырылады", – делінген құжатта.
Далалық төлемдер әскери бөлім командирінің бұйрығы негізінде төленеді. Бұл ретте төлем далалық шығу аяқтағаннан кейін және әскери қызметші әскери қызмет өткеру орнына оралғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде жүргізілетіні жазылған.
Бұдан бөлек резервтегі әскери адамдарға ақшалай төлемдер ай сайын әскери бөлім бастығының бұйрығы негізінде жүзеге асады.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.