Қазақстанда 4 баласымен жесір қалған әйел Ұлттық ұланның әскери бөліміне қарсы сотта жеңіске жетті. Әскери бөлім өтініш беру мерзімі өтіп кеткенін алға тартып, өтемақы төлеуден бас тартқан. Алайда сот әйелдің талабын толықтай қанағаттандырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Әскери сотының мәліметінше, әйелдің күйеуі Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткен. Ол 2022 жылғы 27 қыркүйекте әскери қызметін атқарып жүрген кезеңде жол апатынан қаза тапқан.
Күйеуінен айырылған әйел біржолғы ақшалай өтемақы алу үшін әскери бөлімге жүгінген. Алайда оған өтініш берудің үш жылдық мерзімі өтіп кеткені себепті төлем тағайындаудан бас тартқан. Осыдан кейін кәмелетке толмаған 4 балаcы бар әйел Алматы гарнизонының Әскери сотына талап арыз түсіреді.
Істі қарау барысында сот әйелдің күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі ауыр психологиялық жағдайын, 4 баланы жалғыз асырап отырғанын, балаларының біріне операция жасалып, ұзақ уақыт оңалтудан өткенін ескерген. Сондай-ақ отбасының баспана мәселесі мен амалсыздан қоныс аударғаны басты назарға алынды.
Сот аталған мән-жайларды дәлелді себептер деп танып, ҚР Азаматтық кодексінің 185-бабына сәйкес өткізіп алған мерзімді қалпына келтірді.
Сот шешімінде қаза тапқан әскери қызметшінің отбасының әлеуметтік қорғауға құқығы оның қайтыс болу фактісінен туындайтыны атап өтілген. Сондықтан мерзімді өткізіп алуға дәлелді себептер болған жағдайда бұл құқықты тек формалды талаптарға сүйеніп шектеуге болмайды.
Нәтижесінде сот жесір әйелдің талабын толық қанағаттандырып, Ұлттық ұланның әскери бөлімін оған 8 083 620 теңге көлемінде біржолғы өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұдан бөлек, әскери бөлімнен мемлекеттік баж төлеуге жұмсалған 2163 теңге сот шығыны өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.