Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында ІІМ-нің әскери-тергеу бөлінісі қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Соттың санкциясымен ол қамауға алынды", – деп хабарлады ІІМ.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Айта кету керек, бұған дейін ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы қызметін Қанат Ниязбеков атқарды. Ол 3 қазан күні лауазымынан босатылған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілгенін жазғанбыз.