Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн – Қасым-Жомарт Тоқаев

191

Президент Ассамблеяның қазіргі заман талаптарына сай қызмет етуі керектігін баса айтты. 

Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: assembly.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында елдің саяси, экономикалық және қоғамдық дамуындағы өзгерістерге тоқталды.

"Соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгерді. Экономикада жүйелі реформалар қолға алынды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айналдық", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл өзгерістер қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастар саласына да жаңа міндеттер жүктейді. Осы орайда Ассамблеяның рөлі мен құрылымына жаңаша көзқарас қажет екенін атап өтті.

"Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы тиіс. Бізге ескірген әдіс-тәсілдерге қайта оралмай, жетістіктеріміз бен қателіктерімізді таразылай отырып, жаңа мазмұн қалыптастыру қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың маңызын ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, бейбіт өмір – қоғам дамуының басты кепілі, ал келісім мен төзімділік – тек ұран емес, халықтың өмір салтына айналған құндылықтар.

"Этносаралық және конфессияаралық қатынас ешқашан саясаттың немесе арандатудың құралына айналмауы керек. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы", – деді Президент.

Сөз соңында Президент әкімдерге ұлтаралық келісімге қатысты жиындарды тұрақты өткізіп отыруды тапсырды.

Сондай-ақ, орталық және жергілікті билік органдары бұл бағытты әрдайым басты назарда ұстауы керектігін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу