Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Астана әуежайындағы жаңа терминал мен жаңа темір жол вокзалына қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды elorda.info.
Вокзалдардағы кемшіліктерді қала басшысына әлеуметтік желі арқылы жеткізген Арай Әлімхан. Оның айтуынша жаңадан ашылған "Нұржол" темір жол вокзалы мен Н.Назарбаев әуежайында тақталар мен нұсқаушы белгілер, жаяу адамдарға арналған арнайы жол жоқ. ТЖ вокзалында автобус жолағы қай жерде, қайда бұрылу керектігін немесе қайда көлікті қалдыру керектігін ұғып болмайсың. Егер бір жерге көлікті қалдырсаң, қайтар уақытта ғимараттың қай жерінен шығып, қай есігінен кіруді де түсінбей қаласың.
Жаңа әуежайда да жағдай осы. Ал, багаж аумағында ешқандай экран жоқ, жүкті тиер орынды өзіңіз біліп алмайынша, үш пунктің арасында жүруге тура келеді. Әсет Исекешев өзінің фейсбук парақшасында осы мәселелерге жауап берді.
"Өздеріңіз білетіндей, вокзал да, әуежайдағы жаңа терминал да "ЭСКПО-2017" көрмесінің алдында іске қосылған болатын. Постта жазылған сынға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлық кемшіліктерді жою үшін (қоғамдық көлік, паркинг, ғимараттың іші мен сыртына қатысты мәселелер) ҚТЖ президенті Қанат Алпысбаевпен бірлесе жұмыс тобын құрдық. Жақын арада барлық мәселелер шешімін табатын болады. Біз қала тұрғындары мен меймандарының ұсыныстары мен идеяларын әлеуметтік желіде де жіті зерделейтін боламыз." — деп жазды қала әкімі.