Қала әкімінің сөзінше, елордада қаланы абаттандыруға тұрақты түрде қаражат пен күш жұмсалғанымен, қоғамдық орындарды бүлдіру фактілері кездесіп отыр. Аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, мүсіндер мен абаттандыру элементтері бұзылған жағдайлар тіркелген.
"Қоғамдық мүлікке деген көзқарас – адамның жеке мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Инфрақұрылымды бүлдіру арқылы құқық бұзушылар қалаға ғана емес, тұрғындар мен қонақтарға да қолайсыздық келтіреді", – деді әкім.
Сонымен бірге жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластауға қатысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елордада есірткі заттарын жарнамалайтын граффитилерді анықтап, жою жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полициямен бірлескен жұмыстар күшейтілген. Көшелер патрульденіп, құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау жүйелері қолданылады.
Әкім заң бұзған азаматтардың әрекеті заң аясында бағаланатынын атап өтті. Ал кәмелетке толмағандар құқық бұзған жағдайда олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Әрбір құқық бұзушылықтың заңға сәйкес жауапсыз қалмайтынын түсінген жөн. Елорда тұрғындары мен қонақтарын ортақ қаламызға ұқыптылық танытып, оның тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын", – деп жазды Жеңіс Қасымбек.