Астана әуежайында 223 "iPhone 18"-ді заңсыз әкелмек болғандар ұсталды

222

Бұл туралы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.  

Астана әуежайында 223 "iPhone 18"-ді заңсыз әкелмек болғандар ұсталды Фото: Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті

"Әуежай – Астана" кеден бекетінің қызметкерлері мобильді құрылғыларды заңсыз әкелудің 10 фактісінің жолын кесті. Барлығы 223 дана iPhone 18 смартфоны және 10 жұп AirPods сымсыз құлаққабы анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кедендік бақылау барысында жолаушылардың багажында көп мөлшерде мобильді құрылғыларды "жасыл дәліз" арқылы, яғни кедендік декларацияны ұсынбастан алып өткені анықталған.

"Атап айтқанда, бір жағдайда жолаушы багажында бірден 50 смартфонды әкелуге әрекет жасаған. Бұл жеке тұлғаның кедендік төлемдерді төлемей және декларацияламай, жеке пайдалануға арналған тауар ретінде алып өтуіне белгіленген мөлшерден едәуір асып түседі. Анықталған фактілер бойынша 4 тұлғаның жеке кәсіпкер мәртебесі болғаны, тағы 4 тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тауар әкелгені анықталды", – делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде заңнамада белгіленген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты өлшемшарттарды ескеру қажеттігін еске салады.

Ұялы телефондарға қатысты жеке тұлғаларға бір адамға 2 смартфоннан артық емес мөлшерде алып өтуге рұқсат етіледі. Егер өткізілетін тауарлардың саны немесе сипаты жеке пайдалануға арналған тауарларға белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмесе, олар кедендік декларациялануы және рәсімделуі керек.

Тәркіленген мобильді құрылғылар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды.

Анықталған фактілер бойынша заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу