Әуежай қызметкерлері қосымша қолдауды қажет ететін жандарды алдын ала анықтап, назарға алады. Арнайы жолақ белгіні алу үшін жолаушылар әуежайдың анықтама бюросына жүгінуі тиіс, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
Аутизм сырт көзге бірден білінбейтін ерекшелік болғандықтан, көбіне ата-аналар қоғамның түсініспеушілігіне тап болады.
Әуежайда балаларға смайлик бейнеленген белгі тағылса, ересектерге күнбағыс таңбасы беріледі. Жолақшаны жолаушылар әуежайдың анықтама бюросынан, тіркеу аймағынан және тексеру қызметінен ала алады.
Қызметкерлер жолаушы туралы қажетті мәліметті енгізгеннен кейін оны тіркеу аймағына өткізеді. Тіркеу орнында кезексіз өткізіп жібереді. Тексеру қызметінде де осы жүйе жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі 17 196 балаға аутизм диагнозы қойылған. Мамандар егер диагноз 4 жасқа дейін анықталса, мінез-құлқын түзетуде жақсы нәтижеге жетуге болады дейді. Ол үшін халықаралық тәжірибені кеңінен енгізу керек.