Астана әуежайының аумағында суық қаруды өз еркімен тапсыру үшін арнайы жәшік орнатылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы кездері жолаушылар арасында кастет, пышақ, таяқша және тағы басқа суық қаруды анықтау деректері жиіленіп кетті. Мұндай заттарды алып жүруі қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Соңғы 5 жылда осындай деректермен 92 адам сотталған. "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында Астана қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы мен Астана қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүргізуде", – делінген ресми хабарламада.
Құзырлы орган елорда әуежайының аумағында суық қаруды өз еркімен тапсыру үшін арнайы жәшік орнатылғанын хабарлады.
Қылмыстық кодекстің 287-бабының ескертпесіне сәйкес, суық қаруды өз еркімен тапсырған адам, егер әрекетінде өзге қылмыс белгілері болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
"Бүгінде жолаушылар суық қаруды өз еркімен тапсырып жатыр. Осылайша, қылмыстық жазадан құтылу үшін суық қаруды тапсыруды ұсынамыз", – делінген ақпаратта.