Астана көшелерінде 2500 "наркограффити" өшірілді

119

Мәслихат отырысында есірткі қылмысына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар мен елордадағы ахуал талқыланды.  

Астана көшелерінде 2500 "наркограффити" өшірілді Фото: gov.kz

Полицейлердің мәліметінше, қазіргі уақытта есірткі қылмысының басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асады. Контактісіз сату үлесі 90 пайызға жеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Басқарма дерегінше, 2025–2026 жылдары интернет кеңістігінде есірткі таратумен байланысты мыңдаған дерек анықталған.

"Жалпы 2029 есірткі сайты бұғатталды. Сондай-ақ 2783 банк картасы бұғатталып, жалпы сомасы 113 миллион теңгені құрайтын қаржы айналымы тоқтатылды", – деді Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікен.

Сонымен қатар, есірткі бизнесіне қатысы бар үш ұйымдасқан қылмыстық топтың және бір зертхананың қызметі тоқтатылған. 1100-ден астам құқық бұзушылық тіркеліп, оның 412-сі сату фактісі ретінде анықталған.

Қоғамда есірткі жарнамасын насихаттайтын "наркограффити" мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта 2500-ден астам жазу өшіріліп, 15 қылмыстық іс қозғалған.

"Сондай-ақ 2026 жылдан бастап күшті әсер ететін химиялық заттарды заңсыз айналымға шығару бойынша қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Ойын-сауық орындарында "көңілді газды" қолдануға байланысты да рейдтер жүргізіліп, 20 іс қозғалып, 70-тен астам баллон тәркіленген", – деді М.Әбікен.

Қалада "Астана – есірткісіз қала" бағдарламасы аясында 679 профилактикалық іс-шара өткізілген. Оған дәрістер, кездесулер, спорттық акциялар мен ақпараттық жұмыстар кірген. Бағдарламаға 2025 жылы 55 миллион теңге бөлінсе, 2026 жылға 59 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.

"Мемлекет басшысы әрбір азаматқа есірткісіз қоғам құру міндетін қойды. Біз бірлескен күш-жігер арқылы жас ұрпаққа оң әсер етіп, еліміздің болашағының дені сау болуын қамтамасыз етеміз деп сенеміз", – деді басқарма бастығы.

Мәслихат отырысында атап өтілгендей, енді басты назар интернет арқылы таралатын есірткі арналарына қарсы күреске және жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу