Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар болмауы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар тоқтатылады. Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы менің түзетуімді қолдады. Яғни, Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгеріс арқылы Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтарды алып тастаймыз. Барлығы Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинайтынын біледі. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ. Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды", – деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, Астана мен Алматыдағы ақылы тұрақтар бұл қызмет емес, таза схема болды.
"Инвестиция жоқ, инфрақұрылымға өзгеріс жоқ, тәртіп жоқ. Тек күмәнді жолмен тұрақтарды иемденгендердің қалтасына құйылған миллиардтар ғана болды. Біз бұл жүйеге нүкте қоямыз. Дағдарыс кезінде халықтың есебінен баю – қоғамға қарсы қылмыс. Әділдік қалпына келуі керек", – деп атап өтті Бақытжан Базарбек.
Мәжілісмен бұл түзетуді бірқатар әріптестері қолдағанын баса айтты.
"Біз өте маңызды шешім қабылдадық. Енді дүйсенбі күні салалық комитеттің соңғы шешімін күтеміз. Мен әділетсіз ақылы тұрақ жүйесі толық жойылатынына сенемін", – деді Мәжіліс депутаты.