Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін инватакси қызметінің қолжетімділігі артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл 1 қаңтар мен 31 шілде аралығында Астана мен Алматыда арнайы көлік 251 мыңнан астам сапарға қызмет көрсетті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, инватакси азаматтарға жұмысқа, білім беру және медициналық ұйымдарға, сондай-ақ оңалту орталықтарына баруға мүмкіндік береді.
Қызмет көрсету жүйесіне цифрлық шешімдер енгізіліп, танымал такси сервистерімен ықпалдастық жолға қойылған. Бұл көлікке тапсырыс беруді жеңілдетіп, ұзақ күтудің және артық құжат рәсімдеудің қажеттілігін азайтты.
Жеті айдың ішінде Астанада 934 адам инватакси қызметін пайдаланып, 211 916 сапар жасаған. Шілде айының өзінде 735 елорда тұрғыны 25 282 рет қызметке жүгінген.
Алматыда жеті айда 1 512 адам инватакси қызметін пайдаланып, 39 802 сапар жасаған. Шілде айында 838 алматылық 5 166 рет арнайы көлік қызметіне жүгінген.
Инватакси қызметінің дамуы мүгедектігі бар адамдардың қажетті жеріне уақытында жетуіне, күнделікті шаруаларын өз бетінше атқаруына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр.
Министрлік әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыру және мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыру жұмыстарын жалғастырады.