Астана мен Анкара сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздейді

Мұны Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз мәлімдеді.  

Астана мен Анкара сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздейді Фото: ЖИ

Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аймақтағы және жаһандық өзгерістер қос елдің өзара іс-қимылын күшейтуді талап етеді. Сол себепті, көлік және логистика саласы негізгі басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. 

– Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын арттырудан бастап, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге дейінгі кешенді шаралар қарастырылып отыр. Орта дәліз деп аталатын бағытты Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия сияқты елдердің қатысуымен күшейту көзделуде. Қазіргі жағдайда бұл бағытқа әлемдік сұраныстың артып отырғаны байқалады, – деді вице-президент.

Сонымен қатар, ол энергетика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мәніне басымдық берді. 

– Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізуде Әзербайжан мен Түркияның рөлін арттыру мәселесі қарастырылуда. Мұнан бөлек, түрік энергетикалық компаниялары Қазақстанда барлау мен өндіруден бастап түрлі деңгейде белсендірек жұмыс істеуге ниетті, – деді Джевдет Йылмаз.

Вице-президенттің сөзінше, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс тұрақты өсім көрсетуде. Өткен жылы тауар айналымы 10 млрд долларға жуықтағаны айтылады. 

– Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 15 млрд долларға жеткізу. Оған өнім түрлерін кеңейту және инвестиция көлемін ұлғайту арқылы қол жеткіземіз, – деді ол.

Түркиядан Қазақстанға 5 мыңнан аса компания инвестиция салып, оның жалпы көлемі 5-6 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстаннан Түркияға салынған инвестиция көлемі 2 млрд доллардан асып, мыңға жуық компания жұмыс істеп тұр. 

Бұған дейін Қазақстан мен Түркияның $1 миллиардтан астам инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу