Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов, Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Владимир Йовчич және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Пыштанов қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тікелей қатынасты іске қосу туралы келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға сапары кезінде қол жеткізілді. Жоба Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Сербиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен мүмкін болды.
Белградқа келгеннен кейін қазақстандық делегацияны Сербия Президенті Александр Вучичтің тапсырмасымен Сербия Ұлттық жиналысының спикері Ана Брнабич және Көлік министрінің орынбасары Верика Ечменица қарсы алды.
"Астана мен Белград арасындағы тікелей рейстердің ашылуы Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы бизнес, туризм және мәдени ынтымақтастық үшін жаңа жол ашады", – деп атап өтті Талғат Ластаев.
Қазақстан мен Сербия арасында визасыз режим қолданылады. Бұл бағыт бойынша жолаушылар тарапынан жоғары сұраныс күтілуде – алғашқы рейсте 92 жолаушы болды.
Астана-Белград-Астана рейстері аптасына екі рет (дүйсенбі және бейсенбі) заманауи Boeing 737 ұшақтарымен орындалады.
SCAT Airlines қазіргі уақытта еуропалық қалаларға да рейстер орындайды:
- Астана–Прага – аптасына екі рет (сейсенбі және сенбі);
- Шымкент–Будапешт – аптасына екі рет (сейсенбі және бейсенбі);
- Шымкент–Мюнхен – аптасына екі рет (сейсенбі және бейсенбі).