Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров тілшілердің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Астана мен Бурабайды әуе рейсімен байланыстыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ", – деді вице-министр.
Мақсат Қалиақпаровтың сөзінше, министрліктің алдында шағын авиацияны дамыту мәселесі тұр. Жеке әуе тасымалдаушыларында шағын әуе кемелері бар екені де айтылды.
"Әкімдік өз тарапынан қажетті қаржыландыру бөліп, әуе қатынасын ұйымдастыруы мүмкін. Егер осындай ресми өтінім түссе, біз оны қарастырып, тиісті шешім қабылдаймыз", – деп түсіндірді ол.
Көлік вице-министрі Бурабайға жылына бір миллионнан астам адам баратынын, туристер ағыны көп екенін жеткізді.
"Сол себепті бұл мүмкін деп есептейміз. Шағын әуе кемелерінің рейстерін ашу туристік бағыттың одан әрі дамуына жол ашады. Өйткені Астанаға ұшып келіп, кейін Бурабайға баратындар бар. Олар қай бағытпен жүретінін таңдауға құқылы. Біз бұл тұрғыда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпыз", – деді Мақсат Қалиақпаров.