SCAT Airlines Астана және Шымкент әуежайларында жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты күндізгі рейстер кестесіне уақытша өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Астана әуежайында жөндеу жұмыстары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ұшу-қону жолағы уақытша жабылады. Осыған байланысты күндізгі рейстердің ұшу және қону уақыты өзгеруі мүмкін", – деп хабарлады әуе компаниясы.
Ал, Шымкент әуежайында жөндеу жұмыстары 28-30 сәуір күндеріне жоспарланған. Аталған уақытта, яғни сағат 12:00-ден 18:30-ға дейін рейстер қозғалысына шектеу енгізіледі.
Әуе компаниясы жолаушыларға рейс мәртебесін алдын ала нақтылап, сапар жоспарын енгізілген өзгерістерді ескере отырып құруды ұсынады.