"Астана – Павлодар" ақылы жолындағы асфальт "айырылып" кетті

Салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, бірнеше көлік зардап шекті. 

"Астана – Павлодар" ақылы жолындағы асфальт "айырылып" кетті Фото: ҚазАвтоЖол

Кеше кешкісін ақылы жолдың учаскесінен ақау шығып, жүргізушілерге қиындық пен қолайсыздық тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жайсыз жағдайдың куәгері болған тұрғындар бірден әлеуметтік желілерге видео мен фотолар жүктеп, өзге жүргізушілерден аталмыш аумақта абай болуды сұрап, ескерту жасады. Байқалғандай, асфальт көтеріліп, жарылып кеткен. Бетон плитасы да майысып, жолдың "бөлшектері" шашылған.

Мұны дер кезінде аңғармаған кей жүргізушілердің көлігінің доңғалағы жарылып, жүруге жарамай қалды. Абырой болғанда, қауіпсіздік жастықшалары қорғап алып, жүргізушілер мен жолаушылар зардап шеккен жоқ. 

Ақылы жолдың жағдайына жауапты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мұндай оқыс оқиғаны ауа температурасының күрт көтерілуімен байланыстырды. 

"12 маусым күні сағат 18.30 шамасында республикалық маңыздағы Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – РФ шекарасы бағытындағы 1265-інші шақырымда ауа температурасының +33...+35 градус болуына байланысты цемент-бетонды жабындының өзгеруі орын алды. Оқиға орнына бірден қауіпсіздікті сақтау үшін уақытша белгілер қойылды. Техникалық жұмылдырылып, жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды", – деп мәлімдеді компанияның басшылығы. 

Ал бұл уақытта ақылы жолдың азабын тартқан жүргізушілер жолды ретке келтіріп, екі қала арасындағы тарифті төмендетуді талап етуде. Себебі жүргізушілер аталмыш учаске арқылы өту үшін қаржы төлегенімен, жолдың жайы сын көтермейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу