"Астана-Павлодар" көлік жолында жылдамдық 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі

179

Жаңа ереже 9 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

"Астана-Павлодар" көлік жолында жылдамдық 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі Фото: canva

Қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғаларының көбеюіне орай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдық режимін уақытша төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАвтоЖол" компаниясына сілтеме жасап.

2026 жылғы 9 ақпан күні сағат 00:00-ден бастап "Астана-Павлодар" автомобиль жолында көлік құралдары үшін белгіленген ең жоғары жылдамдық 140 км/сағаттан 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі.

Бұл шектеу қысқы кезеңде қолданылады және уақытша сипатқа ие.

"Қабылданған шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, апаттылық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ көктайғақ, қар басу және көріну деңгейінің төмендеуі сияқты қолайсыз метеорологиялық факторлардан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Көктемгі-жазғы кезең басталғаннан кейін жолдың техникалық және климаттық жағдайына қарай бұрын белгіленген жылдамдық режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін, жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ қыс мезгілінде жолда аса мұқият болуға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу