Астана процесінің кепілгер елдері бірлескен мәлімдеме жасады

720

Тараптар Сирия дағдарысын реттеудегі Астана процесінің рөлін атап өтті.

Астана процесінің кепілгер елдері бірлескен мәлімдеме жасады

Астана форматындағы Сирия бойынша 18-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдері бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәлімдемеге сәйкес, Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркия Республикасының өкілдері Астана форматындағы кепілгер елдер ретінде Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығын мойындайтынын, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтайтынын мәлім етті.

Тараптар әлемдегі және өңірдегі ахуалды талқылап, Сирия дағдарысын реттеудегі Астана процесінің рөлін атап өтті.

"Терроризм мен оның барлық формаларымен күресуге келістік, Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған және көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін сепаратистік әрекеттерге қарсы тұру мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаластық. Сирияның кей аймағындағы террористік әрекеттердің барлық түрін айыптаймыз", – деп жазылған хабарламада.

Тараптар 30 мамыр мен  3 маусым аралығында Женевада Сирия Конституциялық комитеті редакциялық комиссиясының сегізінші отырысының шақырылғанын атап өтті.

Кепілгер елдер Сириядағы гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ресей, Түркия және Иран өкілдері Сириядағы гуманитарлық ахуалды және елдегі саяси жағдайды жақсарту үшін халықаралық қоғамдастықты, БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін Сирияға көмектесуге шақырды.

Айта кететін жайт, Астана форматындағы Сирия бойынша келіссөздердің 19-шы раунды осы жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу