Астана соты Қуандық Бишімбаевтың анасы мен Назым Қаһарман арасындағы дауға нүкте қойды

502

Дау коммерциялық нысан мен одан түскен жалдау ақысына байланысты туындаған.  

Астана соты Қуандық Бишімбаевтың анасы мен Назым Қаһарман арасындағы дауға нүкте қойды Фото: kursiv.kz

Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сотталған Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты талап-арызы бойынша шешім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осылайша Бишімбаевтың анасы Назым Қахарманнан 6,6 млн теңге өндіріп алды.

2023 жылғы қарашада Нұрлыбекова Қаһарманға коммерциялық нысанды 2029 жылғы қазан айының соңына дейін сенімгерлік басқаруға берген. Кейін экс-министрдің анасы ұлының бұрынғы жұбайы жылжымайтын мүлікті жалға бергенін, алайда одан түскен табысты бермегенін және қаражат бойынша есеп ұсынбағанын мәлімдеген.

Сотта Нұрлыбекованың өкілі Назым Қаһарманның ЖК-сінен 14 миллион теңгеден астам берешекті, сондай-ақ мемлекеттік баж бен адвокат қызметіне кеткен шығындарды өндіріп алуды талап етті. Жауапкер талаптармен келіспей, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Банк көшірмелері мен қаржылық құжаттарды зерттеген сот талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырды – тек нақты дәлелденген сомалар ғана өндірілетін болды.

""NazKa" ЖК-нен 6,6 миллион теңге мөлшерінде сома, 66,6 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж және өкілдің қызметіне ақы төлеуге жұмсалған 666,5 мың теңге өндірілсін. Талап-арыздың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылсын", – делінген сот шешімінде.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2024 жылғы мамырда Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу