Астанада 13 жастағы баланы көлік қағып кетіп, бірнеше метр жерге ұшырып жіберген

345

Полиция аталған дерек бойынша тексерісті бастады.  

Астанада 13 жастағы баланы көлік қағып кетіп, бірнеше метр жерге ұшырып жіберген Фото: бейнежазбадан

Астанада жолға жүгіріп шыққан 13 жастағы жасөспірімді көлік қағып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиғаның бейнежазбасы желіде таралды. Жолға жүгіріп шыққан жасөспірімді көлік қағып кетіп, оны бірнеше метр жерге ұшырып жіберген. Оқиғаның Қорғалжын мен Қ.Мұхамедханов көшелерінің қиылысында болғаны туралы ақпарат тарады. Куәгерлер бір топ баланың бағдаршамның қызыл түсін елемей, жолды кесіп өткенін айтады.

Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.

"11 мамырда "Renault" автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде бағдаршамның қызыл сигналына өтіп кеткен кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 13 жастағы жасөспірім дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген ресми ақпаратта.

Полиция ата-аналарды балаларға бақылауды күшейтіп, оларға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін күн сайын ескертіп отыруға шақырады.

"Жолдың жүру бөлігі ойын ойнауға және кәмелетке толмағандардың қараусыз жүруіне арналмаған. Жолды рұқсат етілмеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Жаяу жүргіншілерді көшеден өту кезінде барынша мұқият болуға, ал жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткелдері мен адамдар көп шоғырланған жерлерде жылдамдықты төмендетуге шақырамыз", – деп хабарлады қалалық ПД.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу