Астанада 6 автобус жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан айырылды

607

Астанада 6 автобус жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан айырылды

Астана қаласының полиция қызметкерлері басқа да уәкілетті органдармен бірлесе отырып, қала аумағында тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жүргізуші құрам арасында көлік тәртібін сақтау, апаттылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды elorda.info ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың басынан бері Әкімшілік полиция мен Жергілікті полиция қызметі басқармалары көліктік бақылау инспекциясы мен Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерімен бірлесіп, "Автобус" атты 5 жедел алдын алу шарасын өткізді.

"Нәтижесінде 2 583 жол жүру ережесін бұзушылар анықталды. 6 автобус жүргізушісі көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, көлік құралын мас күйінде басқарған 1 таксист жүргізушісі ұсталды", - делінген хабарламада.

Әкімшілік полиция басқармасының айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық көліктің қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 33 адам зардап шекті. Автобус жүргізушілерінің кінәсінен 24 оқиға тіркеліп, нәтижесінде 24 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына жауапты 40 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу