Астанада 1 тамыздан бастап дәстүрлі республикалық "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның аясында жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж оқушыларға көмек көрсетіледі.
Биыл елордада акцияға 8 500-ден астам баланы қамту жоспарланған. Демеушілердің қаражаты есебінен әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға мектеп рюкзактары мен оқу құралдары табысталады.
Қазір білім беру ұйымдары акцияны өткізіп, көмекке мұқтаж балалардың тізімдерін нақтылап жатыр.
Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау Жалпыға бірдей міндетті оқу қоры арқылы да көрсетіледі. 2026 жылы аталған қор есебінен бір оқушыға берілетін материалдық көмектің мөлшері 50 851 теңгені құрайды.
Бұл қаражат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік осал санатқа жататын балаларға беріледі. Ата-аналар немесе заңды өкілдер бөлінген қаражатқа мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өздері таңдап сатып ала алады.
Қазіргі уақытта елордалық мектептерге материалдық көмек алу үшін 5 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштерді қабылдау және қарау жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен бірге 2-31 тамыз аралығында Астананың барлық ауданында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Онда тұрғындарға мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары және өзге де қажетті оқу құралдары қолжетімді бағамен ұсынылады.
Бұдан бөлек, қалада "Мейірімді қолдар" қайырымдылық акциясы өткізіліп, мектеп құралдары мен оқу жабдықтарын жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылады.