Астанада 8 көлікті заңсыз сатып, ақшаны қалтаға басқан автосалон менеджері сотталды

757

Көлік сататын компанияға 53,1 млн теңге шығын келтірілген.

Астанада 8 көлікті заңсыз сатып, ақшаны қалтаға басқан автосалон менеджері сотталды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Астанада автосалон менеджері сегіз JAC J7 көлігін жалған құжаттар арқылы сатқан. Бұдан өзге "үш көлік алып беремін" деп тағы бір сатып алушыдан 16,5 млн теңге алған.

Сот үкімімен ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сату бөлімінде жұмыс істеген менеджер көліктерді дилерлік орталықтан заңсыз шығаруға мүмкіндік беретін жалған құжаттар рәсімдеген. Алайда сатып алушылардан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.

Сот материалдарында менеджердің көліктерді сақтауға жауапты болмағаны және оларды өз бетінше сатып, таратуға құқығы болмағаны айтылған.

2026 жылғы қаңтарда менеджер тағы бір сатып алушыға үш JAC J7 көлігін төмен бағамен алуды ұсынған. Сатып алушы оған 16,5 млн теңге бергенімен, көліктерді ала алмаған.

"Сот менеджердің бастапқыдан-ақ уәдесін орындау ниеті болмағанын анықтады. Ол алған ақшасын өз қалауынша жұмсаған. Осылайша, 8 көліктің құны мен екінші сатып алушыдан алынған ақшаны қосқанда, жалпы шығын 69,6 млн теңгеге жеткен.

Алғашында көліктерге қатысты эпизод бөтеннің мүлкін иемдену ретінде сараланған. Алайда қорғау тарапы көліктер менеджерге сеніп тапсырылмағанын алға тартқан", – делінген хабарламада. 

Сот аталған уәжбен келісіп, әрекетті алаяқтық деп қайта саралады.

Прокурор 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ сот айыпталушының кінәсін мойындап, өкінгенін, кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерген.

2026 жылғы 14 қазанда сот менеджерді алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сондай-ақ оған коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқаруға сегіз жылға тыйым салынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу