Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Сербия елінің Премьер-Министрі Александр Вучич елордадағы Никола Тесла атындағы көшені салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Орынбор және Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан жаңа көшенің салтанатты ашылуы көп уақыт алған жоқ. Себебі, Астанада кешеден бері қатты аяз түсіп, салтанатты шараны ұзаққа созуға мүмкіндік бермеген. Оның үстіне, Сербиядан келген қонақтардың жұқа киімі дәл қазіргі 24 градус аязға сай келмейтіні анық еді.
"Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын және алғашқы сапарымның аясында Сербия мен әлем бойынша танымал тұлға – Никола Тесла атындағы көшені ашып тұрмын", – деді Сербияның премьер-министрі Александр Вучич.
А.Вичуч атап өткендей, Никола Тесла физика, радиотехника, электротехника сияқты салаларда еңбегі сіңген өнертапқыш, ғалым болған, 700-ден астам патенттің авторы. Сондай-ақ, АҚШ-тағы Ниагар сарқырамасындағы алғашқы су электр станциясының құрылысына еңбек сіңірген. Ал, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Тесла атындағы көшені аша отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін атап өтті.
"Жуырда Қазақстан Президенті Сербияға сапарлай отырып, Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың ескерткішін ашу салтанатына қатысты. Ал, бүгін Астана қаласындағы орталық көшенің біріне Никола Тесланың аты беріліп тұр. Бұл бастамалар – екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі". – деді Ә.Исекешев.