Астанада Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына орай "Тұңғыш саундтрек" атты концерт өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова және опера әншілері Айзада Капонова, Нұрсезім Саматқызы, Саят Сақитжан, Лаура Ғалым мен Бекұлан Ерболатұлы өнер көрсетті. Оркестрге ұжымның көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі "Қазақ вальсі", "Бұлбұл", "Ләйлім", "Елік-ай" шығармаларын, "Абай" операсынан үзінділерді және қазақтың тұңғыш көркем фильмі "Амангелдіге" жазылған музыканы орындады.
Концерт көрермендерге қазақ музыкасының таңдаулы туындыларын симфониялық оркестрдің орындауында тыңдауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ кеш барысында ұлттық музыкалық мұраны сақтау мен дәріптеуге басымдық берілді.