Астанада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

172

Саудаға Ақтөбе және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілері қатысып, елордалықтарға 650 тоннадан астам өнім ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сөрелерде ет пен сүт өнімдері, балық, ұлттық тәтті-дәмділер және басқа да тауарлар бар.

Жәрмеңке таңғы сағат 09:00-де басталды. Сол уақыттан бері мұнда сатып алушылар көп жиналып, өңірдің табиғи әрі сапалы өніміне үлкен қызығушылық танытуда.

Қызылордадан жеткізілген тауарларды арнайы іздеп барған елордалық Жанат есімді тұрғын өз әсерімен бөлісті.

"Біз Қызылорда облысынанбыз, жерлестеріміз келгенін естіп, арнайы жетіп, күріш пен қауын алдық. Қызылорда – күріштің отаны, мұнда қауын мен асқабақ та өте дәмді. Сол себепті барлығын сатып алып, үйде дәм татуды жөн көрдік. Биыл күріш бағасы өткен жылға қарағанда арзандау екен, бұл бізді қуантты", – дейді ол.

Сонымен қатар, жәрмеңкеде Ақтөбе облысының шұжық өнімдері де үлкен сұранысқа ие болды. Шаруашылық иелері табиғи еттен дайындалған өнімдерін елордалықтарға ұсынуда.

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы шаруашылық жетекшісі Салима Үсебаева былай деді: "Біздің шаруашылықта шұжық цехы бар. Өнімдеріміз жылқы еті мен сиыр етінен жасалады. Шұжық, қақталған қазы мен жая, пісірілген шұжық және шикі өнімдер – жылқы етінен дайындалған деликатестерді ұсынамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге біз 1500 тонна өнім әкелдік".

Айта кетейік, өңірлердің жәрмеңкелері Астанада жыл сайын қазан айына дейін әр сенбі-жексенбі күндері өткізіледі. Биылғы сауда "Қазанат" ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, тұрғындар мен қала қонақтарының ыңғайлығы үшін жәрмеңке орнына №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу