Астанада алғаш рет гидтерді халықаралық әдістеме бойынша даярлау курсы өтті

275

Туристің қала туралы алған әсері мен оған қайта оралғысы келуі көбіне гидтің кәсіби шеберлігіне байланысты.

Астанада алғаш рет гидтерді халықаралық әдістеме бойынша даярлау курсы өтті Фото: Astana news

Астанада алғаш рет Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) халықаралық әдістемесі бойынша ұлттық жаттықтырушыларды даярлау курсы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нәтижесінде елорданың 12 тәжірибелі гиді арнайы дайындықтан өтті.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жобаны "Astana Tourism" туризмді дамыту орталығы ұйымдастырған. Бағдарламаға жоғары білімі бар, кемінде екі жылдық жұмыс тәжірибесі және ағылшын тілін меңгерген мамандар іріктелді.

Екі аптаға созылған оқу Ұлыбританиядан келген WFTGA халықаралық жаттықтырушысы Виола Льюистің жетекшілігімен өтті. Қатысушылар гидтерді даярлаудың халықаралық стандарттарын меңгеріп, кәсіби дағдылары мен оқыту әдістемесін жетілдірді.

Жобаның мақсаты – Астанада ұлттық жаттықтырушылар тобын қалыптастыру. Олар алдағы уақытта жаңа гидтерді өз бетінше оқытып, WFTGA стандарттарына сай біліктілікті арттыру курстарын өткізе алады.

Ұйымдастырушылар бұл бастама экскурсия қызметінің сапасын арттырып, елордадағы туризм саласын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу