Астанада аса маңызды материалдарды зерттейтін Ұлттық зертхана ашылады

Бұл шикізат базасын игерудің басым бағыттарын айқындауға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Астанада аса маңызды материалдарды зерттейтін Ұлттық зертхана ашылады Фото: Үкімет

Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ, аса маңызды материалдар өндірісін жолға қоюға және геологиялық барлау жұмыстарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінбек. Осы орайда, Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялануын жеделдету мақсатында Астана қаласында Ұлттық зертхана құрылады. 

– Автомобиль жасау мен баламалы энергетика салаларының қарқынды өсіп келе жатқан сұранысын ескере отырып, саланы дамыту төрт өндірістік секторға шоғырландырылады. Олар – аккумуляторларға арналған материалдар өндірісі, реактивті қозғалтқыштардың бөлшектеріне арналған материалдарды қайта өңдеу және өндіру, жартылай өткізгіштер өнеркәсібі, тұрақты магниттер өндірісінің толық тізбегі. Аталған бағыттар бойынша, оның ішінде шетелдік инвестициялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар топтамасы қалыптастырылды. Германияның Bergbau AG компаниясымен, Кореяның геологиялық-геофизикалық зерттеулер және минералдық ресурстар институтымен, Аустралияның Lindian Resources Limited компаниясымен және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық жүзеге асырылуда, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мемлекет басшысының геология саласы бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында жер қойнауын зерттеу озық технологияларды қолдану арқылы жүргізілуде. Елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық түсірілім жұмыстары басталды. Алдағы үш жылда шамамен 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

– Дәстүрлі әдістермен қатар жасырын кен шоғырларын анықтауға арналған озық Ionic Leach технологиясы, жасанды интеллект, спутниктік деректер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда. Қазірдің өзінде 7 нысанның перспективалылығы туралы алдын ала деректер алынды. Перспективалылығы расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығаруға дайындау жоспарланды, – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына шамамен 4,8 млн бірлік бастапқы геологиялық ақпарат интеграциялануда. Бұл жинақталған деректерді жаңа кен орындарын іздеу кезінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу