Астанада әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі өтті

214

Елордада "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында және "Астана – есірткісіз қала" бағдарламасын қолдау мақсатында әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Астанада әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі өтті Фото: Астана әкімдігі

Жарыс №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мұз айдынында болды. Турнир 3х3 форматында өтіп, оған 8 әуесқой команда қатысты.

Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға үлес қосу, сонымен қатар спорт арқылы зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.

"Бүгінгі турнир Астана қаласының Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Іс-шараны №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және қалалық әуесқой хоккей лигасымен бірлесіп ұйымдастырдық. Ойындар тартысты және қызықты болды, қатысушылар да, көрермендер де риза. 3х3 форматы – жылдам әрі динамикалы, сондықтан бұл тәжірибе спортшыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Біз "Астана – есірткісіз қала" бағдарламасы аясында осындай турнирлерді қолдауды жалғастырамыз. Хоккейді сүйіп, спортпен шұғылданыңыздар", – деді Астана қалалық әуесқой хоккей лигасының жарыстарды ұйымдастыру жетекшісі Абай Макушкин.

"Алпамыс" командасының орталық шабуылшысы Илья Литинцев өз әсерін былайша жеткізді:

"Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық процесс жүйелі: мұз айдынының сапасы, ойын кестесі, төрешілік – бәрі көңілден шықты. Осындай жағдай спортшыларға барын салуға мүмкіндік береді. Әсіресе ұйымдастырушыларға және әкімдікке алғысым шексіз. Атмосфера керемет болды", – деді ол.

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу