Тиісті құжат "Вечерняя Астана" газетінде жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астанада әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу және инфрақұрылымын дамыту үшін 57 жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынбақ.
Қаулыға тіркелген тізімде Қабанбай батыр даңғылы, әуежай аумағы және Есіл ауданы маңында орналасқан 57 жер учаскесі көрсетілген. Олардың иелері қатарында Астана әуежайы, "Қазцинк", SCAT, Air Astana, "Қазавианавигация" компаниялары және басқа да ұйымдар бар. Тізімге бір жеке тұлғаға тиесілі жер телімі де енгізіліп отыр.
Жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі 2027 жылғы 1 ақпан мен 2028 жылғы 1 ақпан аралығында жүргізіледі.
Мемлекеттік органдар қаулы жарияланғаннан кейін 3 күнтізбелік күн ішінде жер иелері мен жер пайдаланушыларды хабардар етуге тиіс. Хабарлама алған азаматтар мен ұйымдарға келісу рәсімін бастау үшін 15 күнтізбелік күн беріледі.