Астанада баланы ұрған тәрбиеші жазадан құтылып кетті

514

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында балабақша тәрбиешісінің ісі қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада баланы ұрған тәрбиеші жазадан құтылып кетті Фото: freepik

Оған Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

Анықталғандай, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында тәрбиеші ретінде жұмыс істеген әйел бірнеше рет балаға күш көрсеткен.

Бейнебақылау жазбаларынан баланы ұру, итеру және өзге де дөрекі әрекеттер анық көрініс тапқан. Бұл оның физикалық ауырсынуына және жылауына себеп болған.

– Сотта айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және бейнематериалдармен дәлелденді. Сотталушы кінәсін толық мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындап, амнистияны қолдануды және балалармен жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші тарап істі неғұрлым ауыр баппен қарауды және моральдық зиянның өтелуін талап етті, делінген ақпаратта.

Сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.

Алайда, 2025 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес, әйел тағайындалған жазадан босатылды.

Жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу