Астанада экспресс-автобустармен жүру ақысы 300 теңгеге дейін қымбаттайды

161

Жолақы маршруттың түріне және төлем тәсіліне байланысты болады.

Астанада экспресс-автобустармен жүру ақысы 300 теңгеге дейін қымбаттайды Фото: gov.kz

Астанада қалалық және қала маңындағы тұрақты автобус бағыттарына сараланған тарифтер белгіленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті қаулыға сәйкес, қала ішіндегі жолақы 150 теңгеден 400 теңгеге дейін, ал қала маңындағы бағыттарда тариф жүрілген қашықтыққа қарай есептеледі. Қаулыға сәйкес, электрондық көлік картасы немесе басқа да электрондық төлем сервистері арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда жолақы мынадай болады:

  • 150 теңге – қала ішінде;
  • 300 теңге – экспресс бағыттарда;
  • 150 теңге – тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыттарда.

Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда:

  • 300 теңге – қала ішінде;
  • 400 теңге – экспресс бағыттарда;
  • 300 теңге – тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыттарда.

Қала маңындағы тұрақты автобус бағыттарында жолақы әр шақырым үшін есептеледі:

  • Қолма-қол ақшасыз төлем кезінде – 1 км үшін 13 теңге;
  • Қолма-қол ақшамен төлем кезінде – 1 км үшін 19 теңге.

Кімдер тегін жүре алады?

Тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жеңілдік беретін көлік картасын пайдаланатын жолаушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар төлем жүйесі істен шыққан жағдайда жол ақысын карта немесе электронды сервис арқылы төлейтін жолаушылар тегін жүре алады.

Астанада халықтың жекелеген санаттарына арналған әлеуметтік қолдау шаралары да сақталады.

2018 жылғы 29 наурыздағы Астана қаласы мәслихатының №244/30-VI шешіміне сәйкес, төмендегі азаматтарға қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы беріледі:

  1. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектігі бар қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар;
  2. жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер, сондай-ақ зейнет жасына жеткен, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
  3. көпбалалы аналар;
  4. көпбалалы отбасылар;
  5. мүгедектігі бар адамдар;
  6. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және олардың ата-аналарының бірі немесе заңды өкілі;
  7. Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған және заңда белгіленген тәртіппен ақталған адамдар.

Бұдан бөлек, 2020 жылғы наурыздан бастап Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балаларға да қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілген.

Жаңа қаулы Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 16 шілдедегі №503-2348 "Астана қаласында қалалық және қала маңындағы қатынастарда жолаушылар мен багажды тұрақты автомобиль көлігімен тасымалдау тарифтерінің кейбір мәселелері туралы" қаулысының күшін жояды.

Жаңа тарифтер тиісті құжат алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Айта кетейік, Астанада 1 желтоқсаннан бастап автобус жолақысы 150 теңгеге дейін қымбаттайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу