Шараға байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрермендердің стадионға жылдам жетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында "Астана Арена" стадионы маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Шектеу "Алау" мұз сарайы жағынан (Марко Поло көшесі) және "Сарыарқа" велотрегі жағынан (Месроп Маштоц көшесі) енгізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Концерт қонақтарына қолайлы жағдай жасау және көлік қозғалысына түсетін салмақты азайту үшін арнайы шаттл автобустар ұйымдастырылады.
Сағат 16:00-ден бастап олар қаланың төрт тұрақ аймағынан "Астана Арена" стадионына қарай қатынай бастайды. Көрермендер көлігін тұраққа қалдырып, стадионға шаттл автобуспен жете алады. Концерт аяқталғаннан кейін шаттл автобустар көрермендерді сол тұрақтарға кері жеткізеді.
Шаттл автобустар мына мекенжайлардан қатынайды:
- Елорда циркі маңындағы тұрақ;
- "Әзірет Сұлтан" мешіті маңындағы тұрақ;
- Қажымұқан көшесіндегі "Қазақстан" спорт кешені маңындағы тұрақ;
- "Нұр-Сұлтан" мешіті (Бас мешіт) маңындағы тұрақ.
Сонымен қатар көрермендер концерт өтетін орынға тез әрі ыңғайлы жету үшін "Тарлан Астана" жеңіл рельсті көлік жүйесін пайдалана алады.
Жүру бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлік немесе шаттл бағыттарын пайдаланған жөн. Бұл стадион маңындағы кептеліс пен көлік қоятын орын іздеуге байланысты қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.