Астанада Есіл өзенінде Орталық саябақ маңында суға батып бара жатқан ер адам құтқарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
112 пультіне түскен хабарламаға сәйкес, куәгерлер ағыс бойымен қалқып бара жатқан адамды байқап, оның бірде су бетіне шығып, бірде су астына кетіп отырғанын айтқан.
Оқиға орнына жедел түрде қайықпен құтқарушылар жіберілді. Олар шақырту түскеннен кейін небәрі 1 минут ішінде жетіп, судағы ер адамды анықтады. Құтқарушылар оған құтқару шеңберін лақтырып, кейін қайық бортына көтеріп алды.
Құтқарылған азаматтың мас күйде болғаны анықталды. Оқиға кезінде оның әлсірегені байқалған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге шақырады.